Жетісуға Қытайдың Іле-қазақ автономиялы облысының делегациясы келді
Бүгін Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Талдықорғанда Қытай Халық Республикасының ШҰАА Іле-қазақ автономиялы облысының делегациясымен кездесті. Қос тарап екі жақты ынтымақтастықты арттыру мәселелерін кеңінен талқылады, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Шетелдік делегацияны жылы ықыласпен қарсы алған облыс басшысы екі ел президенттері деңгейінде стратегиялық серіктестік байланыстарға жол ашқан бастамалар шеңберінде жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті. Осы ретте әсіресе, «Қорғас» шекаралық аймағында бірлескен жобаларды қолға алуға облыстың мүдделі екенін жеткізді. Соның ішінде, Қазақстан-Қытай шекарасындағы өткізу пункттерінің қабілетін бірлесіп ұлғайту, туризмді дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу ісін ілгерілету, тауар экспортының көлемін арттыру сияқты бірқатар бағыттар бар. Қазірдің өзінде нақты келісімдерге қол жеткізіліп, кейбір жобалар басталған. Мәселен, «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА-да «Қазақстан-Қытай өнеркәсіп қаласының» құрылысына дайындық жұмыстары басталып кетті. Қазір жер тегістеу жүргізілуде. Сол сияқты Талдықорған қаласында «Гуандун Сучун Қоршаған ортаны қорғау технологиясы» компаниясы тұрмыстық, құрылыс және химиялық қалдықтарды терең және кешенді қайта өңдеу жобасын салуды жоспарлап отыр. Осыған орай биылғы жылғы 8 қыркүйекте осы компания мен облыс әкімдігі арасында ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойылған.
- Осындай басқа да жобаларды бірлесіп қолға алып, туризм, сауда және ауыл шаруашылық өнімдерін өңдеу саласында ынтымақтастық құруға және жан-жақты қарым-қатынасты кеңейтуге мүдделіміз және дайынбыз, - деді Б. Исабаев.
Өз кезегінде ҚХР ШҰАА Іле-қазақ автономиялы облысының губернаторы Ершат Тұрсынбай екі елдің көршілес екі аймағының ынтымақтастығын одан әрі дамыту үшін бұрын қол жеткізілген бірқатар келісімдерді ілгерілету мақсатында бірнеше ұсыныс айтты. Оның алғашқысы екі облыс арасында ауыл шаруашылығы ынтымақтастығы мен байланыс тетігін құру туралы. Бұл ретте жүгері мен бидай өсіру, тамшылатып суару технологиясы, су мен тыңайтқышты біріктіру сияқты істерде өз білімдерімен бөлісіп, ақпараттық қолдау көрсете алатындықтарын жеткізді. Сол сияқты Шыңжаң еркін экономикалық аймағына Қазақстанның ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының жұмыс істеуі мүмкіндіктерін қарастыру, топтық автобус турлары үшін туристік маршруттар жасау, «Нұрлы жол» пунктінде шекарадан өтудің тиімділігін одан әрі арттыру сияқты бірқатар ұсыныстар айтылды.
Жиын соңында Бейбіт Исабаев Жетісуға инвестиция тарту бағытындағы өз ой-толғамдарын бөлісіп:
- Бізде 400 мың тоннаға дейін жүгері өсіріледі. Осы жүгеріні экспорттау, қытайлық инвесторларды тарта отырып, жүгері өңдейтін зауыт салу, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты үшін Қазақстан шекарасы жағынан қытайлық стандарттарға сай зертхана салу мүмкіндіктері туралы ойлансаңыздар, нәтижелі жобаларыңыз болып жатса, қуанамыз. Бүгінгі кездесуде сіздер тарапынан айтылған ұсыныстарды қолдаймыз және оларды жан-жақты қарастырамыз. Біздің елдеріміздің арасындағы екі жақты сенім мен түсіністік әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани қарым-қатынастарды дамытуға үлкен серпін беріп отыр. Бүгінгі кездесу іскерлік байланысымызды одан әрі нығайта түседі деп сенемін – деді ол.
Еске салсақ, бүгін таңертең Іле-қазақ автономиялы облысының делегациясы Панфилов ауданында болып, «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА, «Қорғас» ХШЫО-ны аралап көрген болатын. Сапар соңын облыс әкімі Бейбіт Исабаевпен болған кездесумен түйіндеді.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Дмитрий Ерофеев
Источник:
Подписывайтесь на наш Telegram канал, и будте в курсе всех важных событий, вот ссылка -