В Жетысу подведены итоги Дней культуры районов и городов
Жетісу облысында жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін аудан-қалалардың мәдениет күні биыл ерекше форматта ұйымдастырылды. Оның іріктеу кезеңі телевизиялық жоба түрінде өтіп, соңы гала концертпен түйінделді. Атап өтсек, байқау атадан балаға мұра болып келе жатқан төл өнерімізді, рухани құндылықтарымызды заман талабына сай жаңғыртып, насихаттау мақсатында өткізіліп келеді, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы ұйымдастырған өнер сайысы «Дәстүрлі ән», «эстрадалық ән», «күй», «би», «терме, жыр толғау», «ауылдың алты ауызы», «айтыс» сияқты бірнеше номинациялар бойынша өтті. Мұнда бақ сынасқан облыстың сегіз аудан, екі қаласының өнерпаздары алдымен іріктеу турларында өз өңірлерінде өнер көрсетті. Ал електен өткен мықтылар Талдықорғанда финалдық сайыста өзара жарысқа түсті.
Осы күні табысты өнер көрсеткен термешілердің бірі – жаркенттік Нұржан Батбақбаев. Ол халық термесі «Дүние-айды» орындап, көпшіліктің ыстық ықыласына ие болды:
- Жыр-термелер қай кезде де көпшілікке жол нұсқайтын, ақыл беретін, ойландыратын сипатта болып келеді. Ол сонысымен де құнды. Менің мақсатым - ұлттық өнерді кәсіби деңгейде дәріптеп, көпшілікке паш ету. Оған осындай байқаулар мен концерттер көп мүмкіндік береді», - дейді ол.
Байқауға әр номинацияның ерекшелігіне қарай, мәселен, «терме, жыр толғау» аталымында дәстүрлі әнші, ҚР Мәдениет қайраткері, Ерболат Шалдыбеков, «айтыс» номинациясына айтыскер ақын Жандарбек Бұлғақов, «би» номинациясына биші Талант Қылышбаев т.б. кәсіби мамандар төрелік етті.
Мәдениет күндері шарасының қорытындысы ретінде І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында мәдениет күндерінің гала концерті мен үздіктерді марапаттау салтанаты атқарылды.
Сайыс қорытындысы бойынша жүлдегерлерді облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов марапаттады. Байқауда Ескелді ауданы Бас жүлдеге ие болса, бірінші орынға Панфилов ауданы лайық деп танылды, екінші орын Талдықорған қаласына, үшінді орын Кербұлақ ауданының өнерпаздарына берілді. Сондай-ақ Алакөл, Қаратал, Көску аудандары арнайы сыйлықтармен марапатталды. Жүлдегерлердің бәріне арнайы дипломдар, ақшалай және бағалы сыйлықтар тапсырылды.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Источник:
Подписывайтесь на наш Telegram канал, и будте в курсе всех важных событий, вот ссылка -