Талдықорғанда Желтоқсан оқиғасына арналған ескерткіш орнатылады
Алдағы уақытта Талдықорған қаласында Желтоқсан оқиғасына арналған ескерткіш орнатылады. Бүгінге дейін қалалық комиссия ескерткіштің бірнеше эскиздік нұсқасын қараған. Облыс әкімі Бейбіт Исабаев бүгін желтоқсандықтармен өткен кездесуде өз орынбасары мен қала әкіміне Желтоқсанның символдық мәнін ашатын үздік жобаны таңдап, алдағы жылдағы Республика күнінде ескерткішті ашуды тапсырды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Талдықорғандағы Салтанат сарайында өткен кездесуде облыс басшысы жыл сайын Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Желтоқсан оқиғасында мерт болған азаматтарды еске алып, оқиғаның тікелей қатысушыларымен жүздесуді биыл екінші жыл өткізіп отырғанын атап өтті. Елімізде қолға алынған саяси-экономикалық реформалардың барысы, облыстың даму бағыты жайында қысқаша баяндады.
- Тәуелсіздікке қол жеткізу бір бөлек, ал оны сақтап қалу, мемлекетіміздің іргесін нығайту, еліміздің береке-бірлігін сақтау - ел болашағының ең маңызды мәселесі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Желтоқсан оқиғасы әлі күнге дейін өзінің лайықты саяси бағасын алған жоқ», - деді. Расында да тарихты соңғы кездері ғана қайта пайымдау қажеттігін сезіне бастадық. Кешегі Алаш қайраткерлері бізге Отанды сүюдің жарқын үлгісін көрсетті. Тәуелсіздіктің алғашқы қарлығаштары желтоқсандықтардың қайсарлығы, биік рухы – елжандылықтың айқын көрінісі. Ендігі кезекте сіздерді бүгінгі қоғамды ұйыстыруға, ұлттық бірегейлікті қалыптастыруға, Жаңа Қазақстанды бірге құрысуға белсене атсалысады деп сенемін. Бүгін өздеріңізбен еркін форматта ой бөлісіп, пікір алмассақ деймін, - деді Б. Исабаев.
Осы орайда сөз алған «Жетісулық желтоқсандықтар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ермұхан Жүнісханұлы еліміздің әрбір азаматының елім маған не береді деп емес, мен еліме не беремін деген отаншылдығы басым болса, шығар биігіміз бен жетер жетістігіміз молая түсетінін, соған желтоқсандықтар да қал-қадірінше үлес қосатынын айтты.
Сол сияқты Отан Смағұлов, Мария Рысбекова, Бағдат Айтмұқаевалар да тарих пен бүгінгі күнді сабақтастыра отырып, ой қозғап, желтоқсандықтарға жасалған қолдаулар үшін ризашылық білдірді.
Бейбіт Исабаев бұған дейін айтылған Талдықорған қаласында Желтоқсан оқиғасына арналған ескерткіш орнату туралы мәселеге қатысты нақты тапсырмалар берді.
- Желтоқсан оқиғасы – бостандыққа, тәуелсіздікке ұмтылған қазақ халқы тарихындағы айрықша оқиға. Сондықтан бұл ескерткіш, қазақ жастарының ерлігі мен өр рухын айқындайтын, халықты бірлік пен ынтымаққа шақыратын композиция ретінде айшықталуы керек. Осы орайда Талдықорған қаласының әкімдігі жанындағы комиссия жобаны түпкілікті бекітіп, ескерткіштің орнатылатын жерін анықтауы қажет. Бұл бағытта орынбасарым Марлен Көлбаев пен Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзілге тиісті жұмыстарды жүзеге асырып, келесі жылы 25 қазан - Республика күнінде ескерткішті ашуды тапсырамын, - деді Бейбіт Исабаев.
Ескерткіш Талдықорғанда Гаухар ана көшесіндегі саябақта қойылады деген жоспар бар. Жиында айтылғандай, алдымен саябаққа ескерткіш орнатып, айналасын ретке келтіріп, содан кейінгі кезекте барып саябаққа атау беру жағы ойластырылады. Ең бастысы бұл - Желтоқсан оқиғасының символдық жағынан мән-маңызын айшықтайтын лайықты ескерткіш болуы тиіс.
Қорытынды сөзінде желтоқсандықтардың жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеудегі үлесіне ерекше тоқталған облыс әкімі:
- Қазіргі кезде жас балалардың қажетсіз ақпараттар легіне қарсы тұрар иммунитетінің әлсіздігінен ұрпақ тәрбиесінде түрлі проблемалармен бетпе-бет келіп отырмыз. Осыған байланысты Талдықорған мектептерінде менторлық жоба қолға алынды. Сол жобаға сіздер де белсене қатысыңыздар. Жасөспірімдермен әңгімелесіп, дәріс оқыңыздар. Ұрпақ тәрибесіне – бәріміздің ортақ парызымыз, - деді.
Осы жиында 6 адамға облыс әкімінің Алғыс хаты тапсырылды.
Атап өтсек, биыл Жетісу облысында желтоқсандықтарға, яғни 85 адамға санаторлық-курорттық емге 12 млн. теңге бөлінсе, 200 мың теңге көлеміндегі бір жолғы төлемге 17 млн. теңге қарастырпылған болатын. Мұндай қолдау шаралары облыста тұратын желтоқсандықтар үшін 2024 жылы да жалғасады.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотосуреттер авторы: Жеңіс Ысқабай.
Источник:
Подписывайтесь на наш Telegram канал, и будте в курсе всех важных событий, вот ссылка -