Панфилов ауданында жеміс сақтайтын ірі қойма іске қосылады
Панфилов ауданында сыйымдылығы 5 мың тонналық жеміс-жидек сақтайтын қойманың құрылысы жүруде. Оған 1 млрд. теңгеге жуық инвестиция салынған. Нысан жылдың соңында толық пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Бұл облыстағы ауқымды қоймалардың бірі болмақ, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Панфилов ауданында жеміс-жидек көп, алайда оны сақтайтын лайықты қойма жоқ екенін облыс әкімі Бейбіт Исабаев халықпен кездесуі кезінде айтып, осындай жобаны қолға алу керектігін тапсырған болатын.
Жалпы аудан әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, бұл аймақта жеміс-жидек пен көкөніс сақтайтын шағын көлемді 8 қойма бар. Енді бұл қатарға кәсіпкер Аюпжан Валиев басқаратын «Валиев» шаруа қожалығының 5 мың тонналық ірі көлемді заманауи қоймасы қосылмақшы.
Шаруашылық өкілі Анаят Тохтахуновтың айтуынша, жеміс-жидек сақтау қоймасын салу жобасы кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Нысанның құрылыс жұмыстарына жергілікті жерден 10 адам тартылған. Жоба биылғы жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде 1 мың тонналық бөлігі іске қосылған. Құрылыс жұмыстары түбегейлі бітіп, қойма толық қуатымен іске кіріскенде 40 шақты адамға жұмыс орны ашылады деп межеленген.
Жалпы қоймада 12 тоңазытқыш камералары орнатылады. Мұнда өнімдерді тек сақтап қана қоймай, оны өңдеуге де ден қойылмақшы. Яғни қойманың бір шетінен 871 шаршы метрден астам жерге цех орнатуды жоспарлап отыр. Онда павидло өндіретін цех немесе жеміс сүрлеу комбинаты орнатылуы тиіс, осы екі жобаның қайсысы тиімді болатыны қазір қарастырылу үстінде.
- Жаркент аймағы жеміс-жидек, көкөніске бай аймақ. Бағбандар күзгі жиын-теріннен соң өз өнімдерін өткізетін жер таппай қиналып қалады. Осы мәселені көзімізбен көріп жүрген соң, қойма ашу бізге де, шаруаларға да тиімді деп шешіп, құрылыс жұмыстарына кірісіп кеттік. Қойманың іске қосылған бөлігінде қазір алма, қырыққабат, бұрыш және басқа да жеміс, көкөністерді сақтауды қолға алып жатырмыз. Мұндағы алма Айдарлы ауылындағы «Жаркент-Фрукт» жеміс бағынан, ал бұрыш пен қырыққабат Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданынан сатып алынуда. Бұл экологиялық таза өнімдер көтерме және бөлшек саудаға шығарылады, - дейді А. Тохтахунов.
Жалпы бұрыш, қызанақ, сәбіз, баклажан секілді көкөністерді үй жағдайында сақтау қиын. Сондықтан шаруашылықтар мұндай өнімдерін келісім бойынша белгіленген мерзімге осы қоймада сақтай алады. Қоймадағы жеміс-жидек пен көкөністер тек Жетісу аймағында ғана саудаланып қоймай, өнімдерді Алматы, Астана қалаларынан, Алматы облысынан, сырт мемлекеттерден де алушылар бар.
Атап өтсек, Жетісу облысы көлемінде жалпы сыйымдылығы 36 800 тонна болатын 31 қойма бар, оның 18-і – 23 250 тонналық картоп қоймасы, 7-еуі – сыйымдылығы 11 800 тонна болатын көкөніс қоймасы, 6-уы – 1 750 тонналық жеміс қоймасы. Солардың 11-і заманауи құралдармен жабдықталған.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Источник:
Подписывайтесь на наш Telegram канал, и будте в курсе всех важных событий, вот ссылка -