Қоғам дамуына серпін
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп, оны шешу жолдарын ұсынды. Сұхбат халыққа қызмет етіп жүрген азаматтарға бағыт-бағдар берер нұсқаулық болуға тиіс.
Президенттің ат үстінде жүрген азаматтардың әрдайым бастамашыл, нақты ісімен елге пайда әкелуі қажет деген сөзі өршіл рухты мінезі болуы керек деген оймен үндеседі. Яғни рухты мінез маңызды шешімдер қабылдауда маңызға ие.
Біз Мемлекет басшысының бастамасымен кейінгі екі жылда көптеген маңызды реформаны іске асырып жатырмыз. Ел тарихында тұңғыш рет ауыл және аудан әкімдерін ашық сайлауды бастадық. Осындай көптеген өзгеріс Қасым-Жомарт Кемелұлының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында жүзеге асып келеді.
Президент сұхбатында атап айтқандай, халқымыздың қуатын арттыру, табысқа жетелеу жолында аянбай жұмыс істейтін боламыз. Батыс Қазақстан облысы бұл тұрғыда келелі істерді атқаратын болады. Халықты алаңдататын әлеуметтік мәселелерді шешу біз үшін басты міндет болмақ.
Осы жылы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңір экономикасын көтеру, білім беру, мәдениет, денсаулық сақтау, ауылдарды дамыту салаларында бірқатар жобаны іске асыру жоспарымызда бар.
Өткен жылды жақсы көрсеткіштермен аяқтадық. Облыста халық игілігі жолында 17 мектеп, 12 медициналық, 2 мәдениет, 3 спорттық нысан ғимараттары қолданысқа берілді. Республикалық және облыстық маңызы бар 617 километр жол жөндеуден өтті. Сондай-ақ жергілікті деңгейдегі 312 километр жол жөнделді. Өңір тұрғындары үшін 73 тұрғын үй қолданысқа берілді. Ауыз су мәселесі де шешімін тапты. Биыл 47 ауылда жаңа су құбырлары салынып, таза ауыз сумен қамтылды. Өңір экономикасын әртараптандыру үшін алдағы 5 жыл ішінде 2,4 трлн теңгеге 70 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Осының арқасында мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады.
Мемлекет басшысы ауылдарды дамыту, жергілікті елді мекендерде тұратын тұрғындардың әл-ауқатын арттыру басты міндетіміз екенін атап өткен болатын. Осының аясында «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 2023 жылға республикалық бюджеттен облысымызға 6,4 млрд теңге кредиттік қаражат бөлінді. Қазіргі таңда бағдарлама аясында өңір бойынша өтініш білдірген 934 азаматқа 6,2 млрд теңге несие берілді. Берілген қаражат ауылдық аймақтарда тұрып жатқан іскер азаматтардың кәсібін дамытуға көмек береді.
Қазіргі таңда облыста 270 ауылшаруашылық кооперативтері жұмыс істейді. Соның ішінде өткен жылы 49 жаңа кооператив ашылып, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жеңілдетілген несиеге қол жеткізді.
Президенттің тапсырмасы аясында өткен жылы елімізде ауылдық аймақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданды. Құжат аясында өңірде халықты қаладан ауылдық жерлерге көшіру бағдарламасын іске асыратын боламыз. Бұл бағдарлама Президент сұхбатында атап көрсеткендей, азаматтардың әл-ауқатын көтеруге бағытталатын болады.
Кейінгі жылдары халықтың ауылға көшу үрдісі байқалып тұр. Кейінгі 3 жылда ауылдық жерлерге 3 616 адам қоныс аударған. Қаладан ауылға көшу – кезінде ауылдан көшіп кеткен азаматтар ауылға қайта оралып, өз ісін ашып, қасиетті қара шаңырақты қайта түлетеді деген сөз.
Біз ауылға көшіп барамын деген азаматтарға өз тарапымыздан мемлекеттік бағдарламаларды пайдалана отырып және жергілікті бюджеттің мүмкіндіктерін ескере отырып барынша қолдау білдіреміз. Соның бірі ауылдық жерлерге барған дәрігерлерге 2,5 млн теңгеден 5 млн теңгеге дейін қаржылай көмек көрсетілді. Алдағы жылдарда бұл қаражаттың көлемін 5 млн теңгеден 8 млн теңгеге дейін көбейтуді жоспарлап отырмыз.
Бұдан бөлек, өңірде «Отбасы банк»-пен бірлесе 35 жасқа дейінгі жастарға жеңілдетілген несие беріп, оларды тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмыстарын қолға алып отырмыз. «Отбасы банк» арқылы тұрғын үй алуға 600 млн теңге көлемінде қаражат бөлінді. Осының аясында 40 жас отбасыны баспанамен қамту жоспарланып отыр. Облыста осындай маңызды бастамалар алдағы уақытта да жалғасады.
Президент сұхбатта бүгінге дейінгі жетістіктерді ой елегінен өткізіп, алдағы мақсат-міндеттерге барынша назар аударған. Барлық деңгейдегі шенеуніктер мен басшылар қоғамның тамырын тап баса білуге, азаматтардың мұң-мұқтажын тыңдап-түсінуге, соған сәйкес дер кезінде нәтижелі шаралар қабылдауға және дұрыс шешім шығаруға қабілетті болуы керек. Бұл – ең басты талап. «Олар «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» деген қағидатты берік ұстануға тиіс», деді Президент.
Мемлекет басшысы айтқандай, халық игілігі жолында шешім қабылдаудан қорықпай, баршамыз елге пайдасы тиетін нақты жұмыстарды атқаруымыз қажет. Президент сұхбатындағы бағыттар қоғамның дамуына серпін беретіні анық. Сондықтан Әділетті Қазақстанды құру жолында Президент көрсеткен басым бағыттар аясында жұмысты жалғастыратын боламыз.
Источник:
Подписывайтесь на наш Telegram канал, и будте в курсе всех важных событий, вот ссылка -