Бейбіт Исабаев тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады
Бүгін облыс әкімі Бейбіт Исабаев тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Азаматтар негізінен тұрғын үй қорынан үй алу, шаруа қожалықтары арасындағы ауыл шаруашалығы жерлерінің дауы, қылмыстық істің әділетті тергелуі сияқты бірқатар мәселелерді көтерді, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Осы күні қабылдауға 9 адам кірді. Қабылдауға келгендердің басым бөлігі тұрғын үй мәселесімен жүгінді. Халықтың әлеуметтік осал тобы санатында кезекте тұрған бұл азаматтар кезек ретінің жылжу барысын, шамамен қай кезде үйлі болуға мүмкіндігі бар екенін білгісі келеді. Солардың қатарында келіні Ақбөпемен бірге қабылдауға келген Әсия Молдахметова 1-топ мүгедектігі бар 13 жасар немересімен бірге Талдықорған қаласында 90 мың теңгеге жайлы пәтер жалдап тұрып жатыр. Ал баланың ата-анасы, яғни ұлы мен келіні Сарқан ауданында тұрып, жұмыс істейді. Молдахметовтер мүгедек баласы бар отбасы ретінде Талдықорған қаласында тұрғын үй кезегінде 2016 жылдан бері тұр. Қазіргі кезек реті – 2571. Баспанаға неғұрлым жылдам қол жеткізу үшін оларға қабылдау барысында мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктерін пайдалану жайы түсіндірілді. Мысалы, «Отбасы банк» АҚ арқылы «Baspana market» сайтына өтінім беру жолымен ипотекалық несие рәсімдеуге болады. Егер осы бағдарламаға қатысатын болса, биыл үйлі болуға мүмкіндік бар. Бұл ретте 10% алғашқы жарнаны өтеуге әлеуметтік көмек ретінде тұрғын үй сертификаты қарастырылған. Молдахметовтер «Отбасы банк» арқылы тұрғын үй рәсімдеуге құжат өткізуге шешім қабылдады. Банк мақұлдаған жағдайда бұл отбасына қала әкімдігі 10 пайыздық жарнасын төлеп бермек.
Сол сияқты қабылдауға келгендердің бірі талдықорғандық зейнеткер, зағип жан Икранбек Мейранбектің айтуынша, ол қалада жалға алып отырған үйінде жалғыз тұрады. Тұрғын үй кезегінде 3 361-ші болып тұр. Осы орайда Бейбіт Исабаев қала әкіміне азаматтың тұрғынжайын жалдау ақысына көмектесу шараларын қарастыруды және бір реттік материалдық көмек көрсетуді тиісті басқармаға тапсырды.
Сонымен бірге қабылдауға келген азаматтар қалалық полиция басқармасының алаяқтыққа қатысты қылмыстық істі тергеуіне көңілі толмаушылық, шаруа қожалықтары арасындағы жер дауы сияқты мәселелермен де жүгінді. Бұл орайда Бейбіт Исабаев облыстық полиция департаментіне істің тергелуін мерзімінде, әділ жүргізуді тапсырып, бұл мәселенің барысын жеке бақылауына алатынын айтты. Ал облыстық прокуратура жер дауына қатысты мәселелге заңдық тұрғыда баға беретін болады. Жалпы бұл істі азаматқа сот арқылы шешу ұсынылды.
Қабылдау барысында көтерілген барлық мәселелер хаттамаға енгізіліп, облыс әкімінің бақылауына алынады.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотосуреттерді түсірген: Жеңіс Ысқабай
Источник:
Подписывайтесь на наш Telegram канал, и будте в курсе всех важных событий, вот ссылка -