Бейбіт Исабаев Ескелді ауданының тұрғындарымен кездесу өткізді
Кеше облыс әкімі Бейбіт Исабаев Ескелді ауданының тұрғындарымен кездесу өткізіп, ауданның даму бағытына қатысты бірқатар өзекті мәселелерді кеңінен баяндады. Сол сияқты жиында аудан тұрғындары әлеуметтік нысандар салу, жол жөндеу, арық жүйесін реттеу, жер мәселелері және т.б. проблемаларды көтерді, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыс әкімі өз баяндамасында ауданның ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп саласы, инфрақұрылымдарын дамыту, тұрғын үй құрылысы, әлеуметтік салаларда қолға алынуы тиіс негізгі басымдықтарын егжей-тегжейлі айтып, жергілікті әкімдікке және тиісті басқармалар басшыларына ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты нақты тапсырмалар берді.
Жиында тұрғындардан 20-дан астам сұрақ қойылды. Мәселен, Матай Байысов ауылының тұрғыны Ерғали Нұғыманов ауылға балабақша қажет дейді. Қазір ауылдағы мектептің жанында 25 балаға арналған шағын орталық жұмыс істейді, бірақ балабақша кезегінде тағы жиырма шақты бала тұр. Бұл мәселеге қатысты аудан әкімі Елдос Ахметов ауылдағы бұрынғы балабақша ғимаратын жөндеп, іске қосу жоспарланып отырғанын жеткізді. Нысанды күрделі жөндеу жұмыстарының жобалық-сметалық құжатары дайын, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы бар. Сол сияқты осы ауылға стадион салу туралы да өтінішін айтқан Е.Нұғымановқа облыс әкімі: «Бір ауылға барлық нысанды бірдей салып беруге бюджеттің мүмкіндігі шектеулі. Сондықтан стадион салып береміз деп уәде бере алмаймын. Аудан әкімі алдымен аймақтағы барлық елді мекендерде спорттық нысандардың бар-жоқтығына сараптама жасасын, соның қорытындысына қарай ауылдардағы құрылыс жұмыстарын жоспарлаңыздар», - деді Б.Исабаев.
Ақын Сара ауылының тұрғыны жазды күні ауыл адамдары бау-бақшасын суаруға ауыз суды пайдаланатындықтан, жазда су тапшылығы болатынына шағымданып, осы мәселеге назар аударуды сұрады. Облыс басшысы бұл мәселенің расында да аса өзекті екенін, ауыз суды үнемдеу керектігін айтты. Белгілі болғандай, аталған ауылда арық желісін салудың ЖСҚ-сын дайындауға қаржы қарастырылыпты. Құрылыс жұмыстары келесі жылы жүргізіледі. Сол сияқты осы ауылдағы Абай көшесіне асфальт төсеп жатқан мекеме жұмысты аяғына жеткізбей тастап кеткені туралы да айтылды. Аудан әкімі бұл мәселеден хабардар екенін, мердігер мекемеге қатысты құрылысты аяқтау туралы соттың шешімі шыққанын, соған сәйкес жолдың қалған 500 метрін мердігер аяқтауға тиіс екенін жеткізді.
Ескелділік кәсіпкер Жанна Жолдығұтова да өз ұсынысын білдірді. Оның айтуынша, иелігіндегі «Тасымал» ЖШС Қарабұлақтан Ешкіөлмес бағытына жүретін №1 автобустың жұмысын ұйымдастырып отыр. Жанар-жағармайдың қымбаттығынан автобус паркін жаңалауға мүмкіндік жоқ. «Тұрғындардың талап-тілегін ескеріп, маршруттың жүру бағытын созып, жиілігін қостық, бірақ бұл бізге шығынды болып отыр. Сондықтан оның әлеуметтік маңызын ескере отырып, субсидия жағынан қолдау көрсетсеңіздер», - деді Ж. Жолдығұтова. дейді. Облыс әкімі өз орынбасарына мәселені зерделеп, мүмкіндігіне қарай келесі жылға субсидия қарастыруды тапсырды.
Сол сияқты тұрғындар Қоңыр, Шымыр, Ақын Сара ауылдарында жайылым мен егістік жерлердің жетіспеушілігі бар екенін айтты.
- Бұл мәселеде біз алдымен Жер картасын жасадық. Содан кейінгі кезеңде аудан-қалаларда жайылымдық жерлерді басқару жоспары жасалып, бекітілді. Осы жоспарды негізге ала отырып, аудан әкімдігі қай елді мекендерде алдағы 2-3 жылда жайылымдық жер тапшылығы туындауы мүмкін екенін алдын ала бағамдап, соны шешу жағын қарастыруы тиіс. Мемлекет меншігіне қайтарылып алған жерлерді конкурс негізінде бөлу ісі ашық, әділетті өткізіліп,
жергілікті азаматтардың пайдалануына беру мүмкіндігін қолданыстағы заң шеңберінде қарастыру керек, - деді Бейбіт Исабаев.
Осы сапарында облыс басшысы азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға кіргендер мемлекеттік қордан тұрғын үй алу, өндірістік кооператив құрып, жер алу, жекеменшік дүкеннің жанындағы электрощитті басқа орынға ауыстыру туралы талап-тілектерін жеткізді. Облыс әкімі сұрақтардың заңды шешімдерін түсіндіріп, тиісті шара қабылдауға лауазымды тұлғаларға тапсырмалар берді.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Источник:
Подписывайтесь на наш Telegram канал, и будте в курсе всех важных событий, вот ссылка -