Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар Мағауиннің дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен жақындарына көңіл айту
Қымбатты бауырларым!
Халық жазушысы, аса көрнекті қаламгер, ғұлама ғалым, танымы терең тарихшы Мұхтар Мағауин ағамыз дүниеден озды.
Қабырғамыз қайысып, қазақтың осындай біртуар перзентінің елден жырақта, алыс мемлекетте дүниеден өткендігін естіген жұрт қазір көңіл білдіруде.
Алты Алашқа есімі тараған Мұхтар ағамыздың қазақ әдебиетіне, қазақ руханиятына, қазақ әдебиеттану ғылымына сіңірген еңбегі өлшеусіз еді. Бір ғана ерлігі – қазақ әдебиетінің тарихын бес ғасырға тереңдете зерттеп, әйгілі «Қобыз сарыны» зерттеуі арқылы түркі руханиятына олжа салды. Оның тарихи романдарын күллі әлем оқырмандары жатқа біледі десек артық болмайды.
Жиырмасыншы ғасыр алыптарының қатарынан ойып орын алған ұлтымыздың заңғар тұлғасы, жазушы Мұхтар Мағауиннің жанұясына, ағайын-туыстарына қайғырып көңіл айтамын.
Бұл – қазақ руханияты үшін орны толмас қайғы. Алла алдынан жарылқасын! Панасына алсын! Жаны жәннаттың төрінде болсын!
Туған еліне, төл жұртына сабыр-қуат тілеймін!
Ағамыздың қаламынан қалған құнды мұра туған елінің төрінде мәңгілік тұратын болады.
Бақытжан Жұмағұлов,
Мемлекет және қоғам қайраткері,
ҚР Ұлттық инженерлік академиясының президенті.
Источник:
Подписывайтесь на наш Telegram канал, и будте в курсе всех важных событий, вот ссылка -