Аким области провел прием граждан по личным вопросам
Бүгін облыс әкімі Бейбіт Исабаев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға кірген азаматтар тұрғын үй кезегіне тұру, тұрғын үйді жекешелендіру, инклюзивті орта қалыптастыру жобаларына қолдау көрсету, медициналық қызмет көрсету сапасын жақсарту, үй салуға жер учаскесін бөлу сияқты бірқатар мәселелерін алға тартты, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Қабылдауға жазылған 12 адамның бірі - Талдықорған қаласының тұрғыны, жастар қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, 1 топтағы мүгедектігі бар азамат Қуаныш Қапанов. Ол ерекше қажеттілігі бар жандар үшін өңірде кедергісіз орта қалыптастыруға атсалысып жүрген адам ретінде қоғамдық мәні бар бірқатар мәселені көтерді. Оның айтуынша, осыдан бірнеше жыл бұрын Алматы облысынан зағиптар ұйымының бастамасымен 8 бала Қаскелеңдегі мәдениет колледждің кітапхана мамандығы бойынша грантта оқып, бітіріп келген. Соның 3-еуі Жетісу облысына оралып, қазір Ескелді, Панфилов аудандары мен Талдықорған қаласындағы кітапханаларға жұмысқа тұрған. Енді Текелі және Үшарал қалаларына екі маман келмек. Осы жастарды жұмысқа тарту қажет. Қ.Қапановтың аудан, қалаларда зағип жандарға кітапханаға барып, ой-өрісін жетілдіруге мүмкіндік жасалса деген тілегі бар. Сонымен қатар қоғам белсендісі облыстық Қоғамдық даму басқармасының грантын ұтып алып, оған дыбыс жазу құрылғысын сатып алғанын айтты. Кітапханаларда зағип жандардың кітап оқуына мүмкіндік болмағандықтан, олардың аудиожазбалар арқылы оқуына жағдай жасағысы келеді. Осы аппаратты қоятын орын қажет. Және зағип балалардың қоғам ортасынан бөлектеп оқыту олардың тұйықталып өмір сүруіне әкелетінін, сондықтан мектептердегі психологтарды тифлопедагог мамандығын даярлайтын бірден бір оқу орны Абай атындағы Қазақ ұлттық университетінде 3 айлық қайта даярлау курсынан өткізіп, зағип балалармен де жұмыс істеуіне мүмкіндік жасау қажеттігі туралы да айтты. Тағы бір мәселе – Талдықорған қаласындағы қоғамдық көліктерде зағиптар үшін аялдамаларды хабарлап отыратын дыбыс жазбасы қолданылса. Облыс әкімі бұл ұсыныстар мен өтініштердің барлығына қолдау білдірілетінін айтты. Мәселен, Текелі және Үшарал қалаларына келген көру қабілетінде кемістігі бар жас мамандар жергілікті жерлердегі кітапханаға орналастырылады. Мұны аудан, қала әкімдері тікелей бақылауына алмақ. Ал дыбыс жазу аппаратын орнатуға Жастарға қызмет көрсету орталығынан қажетті орын берілетін болды. Тифлопедагог мамандығына қайта даярлау мәселесімен егжей-тегжейлі айналысу жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен білім басқармасына тапсырылды. Сол сияқты Талдықорған қаласының әкімі Е.Бәзіл қоғамдық көлік қызметіне қазан айында жаңа конкурс жарияланғанда, айтылған талаптар ескерілетінін жеткізді.
«Кербұлақ жанашырлары» ұйымының мүшесі Мұратбек Солтанбай Кербұлақ ауданы Қосағаш ауылының маңындағы жерлерге қатысты өткізілген жер комиссиясының қорытындысына көңілі толмаған жерлес азаматының арызын жеткізуге келген. Мәселенің мәнісін мұқият тыңдаған облыс басшысы егер азамат комиссия шешімімен келіспесе, аудандық прокуратураға жүгінуге құқығы бар екенін түсіндірді.
Сол сияқты қала тұрғындары Марғұлан Нұрасылов, Галина Абдрахманова, Раиса Разиманова және басқа да азаматтар тұрғын үйге кезекке тұру, тұрғын үйді жекешелендіру, бір реттік қаржылай көмек алу, денсаулық сақтаудағы қызмет сапасын арттыру, медициналық персоналдардың этикалық мәдениетті сақтау мәселелері жайлы арыз-тілектерін жеткізді. Қабылдау барысында көтерілген мәселелердің шешіміне қатысты тиісті аудан, қала әкімдері мен басқарма басшыларына нақты тапсырмалар берілді.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Источник:
Подписывайтесь на наш Telegram канал, и будте в курсе всех важных событий, вот ссылка -