Ақсулық кооператив мемлекет қолдауымен ауыл шаруашылығы техникаларын жаңартты
Жетісу облысында «Ауыл аманаты» жобасының аясында Барлыбек Сырттанов ауылының азаматтары бірігіп, өткен жылы «Бауыр» кооперативін құрған болатын. Бүгінде олар мемлекет қолдауымен 27,6 млн. теңге жеңілдікті несиеге қол жеткізіп, оған ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Ақсу аудандық әкімдігінің мәліметіне қарағанда, ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті дамыту мен ауыл халқының тұрмыс сапасын жақсарту мақсатында қолға алынған «Ауыл аманаты» жобасының игіліктерін Б. Сырттанов ауылдық округінің тұрғындары тиімді пайдалана алып отыр. Өткен жылы екі шаруа қожалығы мен жеке кәсіпкерлігі бар үш азамат бірігіп «Бауыр» кооперативін құрған еді. Ауыл шаруашылығымен біраздан бері айналысып келе жатқандықтан, оларға кооператив жұмысын жүргізу қиындық тудырған жоқ. Бірігудің нәтижесінде кооперативтің ортақ меншігінде бүгінгі күні 100 гектардай жері бар, соның 25 гектарға жуығы суармалы жер. Техникаларын да ортақ пайдаланысқа қосты.
- Жеке дара жұмыс істегеннен гөрі кооперативке бірігіп еңбектенудің ұтымды тұстары көп. Сондықтан біз ауылдастарымызбен ақылдасып, ұсақ шаруашылықтарымызды бірігіп топтастыруды жөн деп таптық. Бұл орайда «Ауыл аманаты» жобасының мүмкіндіктерін пайдаландық. Техникаларымыз тозып кеткендіктен, кооперативтерге берілетін жеңілдетілген несиеден 27 млн. 600 мың теңге қаражат алып, жаңа трактор, тиегіш, соқа және қызылша сепкіш сатып алдық. Биыл 10 гектарға қант қызылшасын, 10 гектарға арпа, 5 гектарға жоңышқа егеміз. Қазір қызылша ең тиімді дақыл болып отыр. Сондықтан алдағы жылдарда суармалы жердің көлемін ұлғайтып, қызылша алқабының ауқымын 50 гектарға жеткізсек деген жоспарымыз бар, - дейді «Бауыр» кооперативінің басшысы Бауыржан Бақытжанұлы.
Оның айтуынша, болашақта кооперативке қызылша жинайтын комбайн сатып алу жоспарланып отыр. Қазір қолда бар техникаларын өздері қолданумен қатар аудандағы өзге де шаруа қожалықтарына жер жырту, шөп шабу сияқты жұмыстарға ақылы қызмет көрсетіп келеді. Бұл техникасы тапшы ұсақ шаруашылықтар үшін тиімді.
Әзірге егіс науқанына дайындық жұмыстарын үш азамат өздері атқарып келеді. Ал жазда, күзгі жиын терін маусымында кооператив 10 шақты адамды, соның ішінде сушы, қызылшашы сияқты еңбек адамдарын жұмыспен қамтиды.
- «Ауыл аманаты» бағдарламасының шарттары жайлы, әсіресе ұсақ шаруашылықтардың бірігіп кооператив құруының жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын халық арасында кеңінен түсіндіріп келеміз. Округімізде кооператив құру бастамасы жаман емес. Өзара бірігіп, іріленудің арқасында күзгі өнімдерін мол жинап, еңбектің жемісін көргенде өзгелер де кооперативтің тиімділігіне көз жеткізеді деп ойлаймын, - дейді Б.Сырттанов округінің әкімі Әділжан Сүлейменов.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, 2023 жылы Жетісу облысында 13 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылған. Олардың 2-еуіне жалпы сомасы 54,6 млн. теңге несие берілді. Биылғы жылы әр ауданда бір кооперативтен, яғни 8 кооператив құру жоспарланып отыр.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Источник:
Подписывайтесь на наш Telegram канал, и будте в курсе всех важных событий, вот ссылка -